Алаяқтар ақмолалық тұрғынның атына 3 млн теңгеге несие рәсімдеген
Алаяқтар AnyDesk қосымшасы арқылы ақмолалық тұрғынның атына 3 млн теңгеге несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 мамыр күні Қосшы қаласының полиция бөліміне 30 жастағы жергілікті тұрғын оның телефонына белгісіз адам қоңырау шалғанын және өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері етіп таныстырып, оның банктік шоты бойынша күдікті операциялар жасалғаны туралы хабарлағанын айтты.
Өтініш берушінің ақшасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаскөй одан Anydesk қосымшасын, сондай-ақ Eurasian Bank және Home Credit банктерінің қосымшасын жүктеп алуды сұраған. Қашықтан қол жеткізу арқылы жәбірленушінің атына 3 млн теңге сомасына екі банкте несие рәсімдеп, қылмыскер қолма-қол ақшаны шотына аударып алған.
Аталған дерекке қатысты полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қылмыс жасауға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Алаяқтар қылмыс жасаудың әртүрлі тәсілдерін қолданатыны белгілі, олардың бірі қашықтан қол жеткізу қолданбасы.
Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдардың өтініші бойынша белгісіз қашықтан басқару бағдарламалық жасақтамасын, атап айтқанда AnyDesk-ті орнатпауға кеңес береді.
Мұндай бағдарлама алаяқтарға гаджеттің жадында сақталатын телефон кітапшасына, мобильді банктерге және басқа да жеке мәліметтерге толық қол жеткізуге мүмкіндік береді.