Әлеуметтік желіде тыйым салынған діни уағыз насихатталған
Көлік полицейлері әлеуметтік желіде аудио-дәріс арқылы дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттаған 29 жастағы жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл ақпан айында көліктегі Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «VКонтакте» әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде 29 жастағы ер адамның әлеуметтік желіде дәстүрлі емес ислам идеяларын насихаттайтын аудио дәрістерді сақтау фактісін анықтады.
Тексеру барысында ер адамның Шу станциясындағы әскерилендірілген темір жол күзетінің жұмысшысы екені анықталды.
Дінтану сараптамасының қорытындысы бойынша аудио жазбалардың ҚР аумағында тыйым салынғаны анықталды.
Жамбыл облысы Шу аудандық сотының шешімімен аталған адам ҚР ӘҚБтК 453–бабының 1– бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 20 АЕК мөлшерінде 53 020 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.
Көлік полициясы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, ҚР тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған мәліметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнімін дайындауға, сақтауға, әкелуге, тасымалдауға, таратуға тыйым салынатынын ескертеді.