Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алғысқа лайық азаматтар арамызда жүр

Күн сайын ІІМ-нің ресми сайтына және ішкі істер министрі Ержан Саденовтің блогына түрлі өтініштер келіп түседі. Олардың ішінде полицейлерге айтылған мақтау сөздері де бар. Алғыс айтудың себебі әртүрлі болғанымен, мән-мағынасы бір – тәртіп сақшыларының адал қызметі назардан тыс қалмаған. Азаматтардан полиция қызметкерлеріне келіп түскен бірқатар алғысты Polisia.kz сайтының тілшісі назарларыңызға ұсынады.

Алғыс айту – адамзаттың асыл қасиеті. Алғыс есту – еңбегіңнің еленгені. Дұрыс жолда жүргеніңнің дәлелі. Алғысқа лайық азаматтар арамызда жүр. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші алғыс арқалаған тәртіп сақшыларының атын атап, түсін түстейік.

Мәселен, елорда тұрғыны күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қиын жағдайда өз өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанын білсе де, көмек көрсетіп отырған полиция департаментінің қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

– Маусым айында белгісіз адамдар менің үйіме кіріп, аса үлкен мөлшерде ұрлық жасады, бірақ мен ұрлық фактісін айдың соңында бірақ . Оқиға орнына дереу Есіл ауданы ПБ жедел-тергеу тобы және Астана қаласы ПД қызметкерлері келді. Олар екі сағат бойы бақылау камераларын қарап, күдіктіні анықтады. Бірақ олар оны ұстай алмады, өйткені ол сол күні елден тыс жерге кетіп қалған. Тамыз айында күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды. Бір аптадан кейін ұрлық қылмысын жасаған азамат қолға түсті. Осы істің ақ-қарасын анықтауда бар күш-жігері мен біліктілігін салған полиция қызметкерлерінің адал және батыл қызметі – біздің тыныштығымыздың кепілі, – деді әйел.

Сондай-ақ Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция қызметкерлерінің атына да алғыс сөздер айтылды. Полицейлердің жұмысын қиын жағдайға тап болған азамат атап өтті. Оның айтуынша, жол ортасында көлігінің дөңгелегі жарылып қалған екен.

– Сізге қиын жағдайда маған көмек көрсеткен екі полиция қызметкеріне ризашылығымды білдіру үшін жазып отырмын. Бейнеу – Сай – Утес тас жолында менің жеңіл көлігімнің дөңгелегі жарылып қалды. Бұл кезде менде байланысқа шығатын мүмкіндік болмағандықтан, көмекке ешкімді шақыра алмадым. Алайда қуанышқа қарай жолдастардың көмегімен полициямен байланыса алдым. Содан мен жолда қалып қойған жерге полиция қызметкерлері Тілекқабыл Жанбиев пен Еркін Өмірзақ келді.  Бұл екі қызметкер жоғары кәсібиліктері мен адамгершіліктерін көрсетті. Олар мені байланыс ұстайтын жерге апарды. Ол ғана емес, көлігіме эвакуатор табуға көмектесті, мені тамақтандырды және эвакуатор келгенше менімен бірге бірнеше сағат күтті. Маған бар жағынан қолдау көрсетті. Мен олардың адалдығы мен қамқорлығына таңқалдым. Олар өз жұмыстарын орындап қана қоймай, менің әл-ауқатыма шынайы қамқорлық көрсетті. Олардың бұл әрекеттері – қазақстандық полиция қызметкерлерінің қандай екенінің айқын көрінісі. Олар қандай жағдай болсын көмекке мұқтаж адамның жанынан табыла алатындықтарын көрсетті. Өмірзақ Еркін мен Тілекқабыл Жанбиевтің адал жұмысын ескергеніңізді қалаймын. Олар шынайы алғысқа лайық, – деп жазды ер адам өз хатында.

Бұл сіздерге ұсынып отырған көп алғыстың бір бөлігі ғана. Қазақстан полициясы халықтың тыныш өмірі үшін кірпік қақпай қызмет етіп келеді. Бір мақсат, бір мүдде жолында адалдықтан аттамаған тәртіп сақшыларының осындай еңбегі көпке үлгі. Қиын қызметтің ауырлығын сөз етпейтін қайсар рухты ел қорғандары тек алғысқа лайық! Елім дейтін ел азаматтары тұрғанда ерім дейтін халқымыздың бейбіт өмірі мәңгілік!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру