Алматы облысында Қызыл кітапқа енген жануарды аулаған браконьерлер ұсталды
Алматы облысы Балқаш ауданында Қызыл кітапқа енген жануарды аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері заңсыз аң аулау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуге мүмкіндік беретін барлық қажетті сараптамалық тексерулер тағайындалды. Ұсталғандар заң аясында уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін қосымша тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, 26 қыркүйек күні сағат 08:30-да Балқаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы облысы ПД ЖПҚБ және “Охотзоопром” РМҚК бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді, нәтижесінде Бірлік ауылының маңындағы Қонаев – Бақанас – Қараой автожолында УАЗ автокөлігін басқарған Жетісу облысының 58 жастағы тұрғыны ұсталды.
Көлік құралын тексеру кезінде автокөліктің салонынан тіркелген ойық ұңғылы және тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, сондай-ақ болжам бойынша Қызыл кітапқа енген қарақұйрық жануарының ұшасы табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар көлікте үш жолаушы болған. Анықтау барысында олардың аң аулауға лицензиясы болмаған.