Алматы облысындағы үйінен қашып кеткен жасөспірім Қызылордадан табылды
Үйінен қашып кеткен 14 жастағы алматылық жасөспірімді қызылордалық полицейлер кезекші тәулікте іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қарашада Алматы облысы Полиция департаментінің Панфилов аудандық полиция бөліміне 14 қараша күні кешкі сағат 18:00-де кәмелетке толмаған баласының үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы 36 жастағы азаматша хабарласқан.
Полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен, Қазақстанның барлық қалаларына жасөспірімнің суреттері бар бағдар жіберілген.
Жоғалған жасөспірімге қатысты бағдар алған Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірге кәмелетке толмаған баланы іздестіруге белсене қатысып, қарқынды жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.
Нәтижесінде 15 қараша күні сағат 16:00 шамасында жасөспірім Қызылорда қаласының автовокзалынан табылып, әкесіне аман-есен тапсырылған.
Мән-жайды анықтау барысында баланың үйінен кетіп, Шымкент қаласына дейін жетіп, таксимен Ақтөбе қаласында тұратын әкесіне бармақ болғаны анықталды.
Баланың әкесі қызылордалық полицейлерге кәсіби шеберлігі үшін алғысын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.