Алматы облысының полицейлері мешіттегі гүлді ұрлаған күдіктіні ұстады
Алматы облысының полицейлері мешіттегі гүлді ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласының тәртіп сақшыларына қалалық мешіттің діни қызметкері хабарласып, ыдысқа отырғызылған гүлді белгісіз біреулердің үптеп кеткені туралы айтқан.
Оқиға орнына келген жедел уәкілдер қажетті бастапқы тергеу әрекеттерін жүргізіп, бақылау камераларының бейнежазбаларын зерделеген. Жедел топ құрамында болған Талдықорған қалалық ПБ Шығыс ҚПБ учаскелік полиция инспекторы Ильяс Фурманұлы қызмет көрсетілетін учаскесін жақсы меңгергенін дәлелдеді. Ол қаладағы шағын аудандардың бірінде тұратын 43 жастағы күдіктінің мекенжайын жылдам анықтап, ұстады. Күдіктіден тәркіленген гүлдер мешітке қайтарылды.
Күдікті әйелдің айтуынша, ол гүлдерді өте қатты жақсы көреді екен. Сондықтан, осы құмарлығына қарсы тұра алмай, ыдысқа отырғызылған гүлдерді үптеп кеткен. Тексеру барысында әйелдің бұған дейін заңға қайшы әрекеті анықталған жоқ.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.