Алматы облысының полициясы “Жолда қабылдау” акциясында екі мыңнан астам өтінішті қарады
Алматы облысының полициясы “Жолда қабылдау” акциясының 2 күнінде екі мыңнан астам өтінішті қарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13-14 қыркүйекте Алматы облысының полицейлері азаматтарға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау саласында кеңестік және құқықтық көмек көрсетуге бағытталған “Жолда қабылдау” акциясын ұйымдастырды.
– Іс-шара полицияның ашықтығы мен қолжетімділігі қағидатын іске асыру негізінде ұйымдастырылды. Кеңестік топтарға учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері және облыс жолдарында азаматтарды қабылдауды ұйымдастырған патрульдік полицейлер кірді, – деп атап өтті облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының м.а. Еркебұлан Ахметов.
Екі күн ішінде “Жолдағы қабылдауға” 2000-нан астам адам сұрақтар мен ұсыныстармен жүгінді, олардың негізгі бөлігі жол қозғалысын ұйымдастыруға, көлік құралдарын тіркеуге және қайта тіркеуге қатысты болды.
– Белгілі бір мәселелерді шешуде заңгерлік кеңес пен құқықтық көмек көрсетуден басқа, азаматтардың өтініштерін жазбаша түрде қабылдау жүзеге асырылды. Яғни егер мәселе сол жерде шешілмесе, онда жазбаша өтініш толтырылды. Мысалы азаматтар жеке учаскелерде жол белгілерін қоюды ұсынды. Ол үшін полиция қызметкері сол жерге барып, оларды орнатудың заңдылығын тексеріп, қажетті өлшеулер жүргізіп, заңнама талаптарына сәйкес учаскенің орналасқан жерін тіркеуі керек. Бұдан әрі шешім қабылданады, ол туралы азаматты заңда белгіленген мерзімде хабардар етеді. Сонымен қатар жүргізушілерге арнайы дайындалған брошюралар, парақшалар, жадынамалар мен буклеттер таратылды, – деп толықтырды Е.Ахметов.
Акцияны өткізуге тек полицейлер ғана емес, өңірдің блогерлері мен ПД консультативтік-кеңесші органының мүшелері де қатысты.
Жыл басынан бері аймақ полицейлері 1 400-ден астам тексеру жүргізді. Нәтижесінде 4000-нан астам жол белгілері, 16 бағдаршам нысаны, 12 стробоскоп, 173 жасанды жол кедергісі, 1460 метр жол қоршаулары, 908 шаршы метр шулы жолақтар, сондай-ақ 22 бағдаршам нысаны жасанды жарықтандырумен жабдықталған.