Алматы полицейлері тағы бір қалта ұрысын қолға түсірді
Алматы полицейлері тағы бір қалта ұрысын қолға түсірді, – деп хабарлады Polisia.kz.
Әуезов аудандық ПБ-ның полиция қызметкерлері қалта ұрлығымен айналысқан 27 жастағы азаматты ұстады.
Полицейлердің айтуынша, 1996 жылы туған Ж. есімді азамат, 118-бағыттағы қоғамдық көлікте Саин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында, IPhone телефонын ұрлап кеткен, нәтижесінде 300 мың теңге материалдық шығын келтірген.
– Біздің бөлімшенің арнайы тобы мен Әуезов аудандық ПБ-ның қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін сотты болған. Қазір күдіктінің қалада бұрын да жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталыып жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Сонымен қатар, Әуезов аудандық полициясы, биылғы жылдың басынан бері Әуезов ауданында 19 қалта ұрлығы тіркелгенін хабарлады. Негізінен, ұрылар қоғамдық көліктердің ішінде адам көп жиналған уақытта жүреді.
– Біздің бөлімше қызметкерлері қалта ұрыларының алдын алу мақсатында арнайы науқан өткізіп, ескерту плакаттарын ілді және арнайы буклеттер таратты. Әдетте, қалта ұрылары негізгі жолаушылар ағыны болатын таңертеңгі және кешкі уақытта аялдамалар мен қоғамдық көлік бағыттарында ұрлық жасап жүреді. Олардың құрбандары көбінесе әйелдер мен қарт адамдар болады. Мұндай науқанды өткізудің маңыздылығын қала тұрғындары жоғары бағалап, қоғамдық орындарда қырағылық қажеттігін атап өтті, – деді, Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.