Алматы полициясы балаларға ЖҚЕ туралы жадынамаларды әзірледі
Алматы полициясы балаларға ЖҚЕ туралы жадынамаларды әзірледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күзгі мерекелер қарсаңында комикс форматында ЖҚЕ туралы түрлі-түсті жадынамалар әзірленді. Олар күзгі мереке қарсаңында қаланың жалпы білім беретін мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары арасында таратылды.
– Мақсат – балалардың қала көшелерінде өзін-өзі ұстау ережелері туралы білімдерін бекіту, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыстың тұрақты дағдыларын дамыту және жолда өз әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Түсіндіру жұмыстарына да көп көңіл бөлінеді. Мектеп демалысы басталмас бұрын бастауыш сынып оқушылары арасында тақырыптық сабақтар өткізілді. Балалар жол қозғалысы ережелері туралы білімдерін кеңейтіп, өз тәжірибелерімен бөлісті, жолдан қалай дұрыс өту керектігін айтты. Сонымен қатар мектеп оқушылары үшін ЖҚЕ туралы суретті бояғыш кітаптар, буклеттер және брошюралар әзірленді. Сондай-ақ балаларға шағылыстыратын кеудешелер мен басқа да киім-кешек заттары берілді, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарының бірі – оны жүзеге асыруға жүйелі көзқарас. Білім беру мекемелері балаларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесінің негізгі буындары болып табылады және жол қауіпсіздігі мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсетеді.
– Жыл сайын қалада көліктер көбейіп келеді. Ал жолдардағы жағдай кейде қиынға соғады. Сондықтан балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау полицияның басты міндеттерінің бірі. Біз оларды қорғау үшін барлығын жасауға міндеттіміз және көшелерде, жолдарда және көлікте қауіпсіз жүріс-тұрыстың қажетті білімдерін, дағдыларын және әдеттерін қолжетімді түрде жеткізуге міндеттіміз, – деді Асхат Құлбаев.