Алматы полициясы есірткіге мас күйде болған жүргізушіні ұстады
Алматы полициясы есірткіге мас күйде болған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Буран-222 патрульдік экипажының қызметкерлері Hyundai көлігін таңғы сағат үштерде Абай және Достық даңғылдарының қиылысында байқап қалған.
– Жүргізуші маневр жасау ережесін бұзған, оның көлігінің алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірі көрінбейтіндей етіп әдейі жабылған. Мән-жайды анықтау барысында жүргізушінің іс-әрекеті күдік туғызды. Оны есірткіге қарсы сараптамаға алып барды. Медициналық сараптама оның есірткіге мас болғанын анықтады. Ер адамның өзі синтетикалық мефедрон есірткісін қолданғанын мойындады. Сонымен қатар талдау жүргізілген жерге Медеу аудандық ПБ-ның тергеу-жедел тобы шақырылды. Аталған көліктің салонынан ұнтақ заты бар бумалар табылды және тәркіленді. Олардың нақты тиесілілігін сот-химиялық сараптама анықтайтын болады, – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің инспекторы Нұрлан Қонусов.
Құқық бұзушы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Оның көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына жеткізілді.