Алматы қаласы бойынша ҚАЖД қызметкері адам өмірін құтқарып қалғаны үшін марапатталды
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі М.Ахметжанов Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің инспекторы Салтанат Дусубаеваны адам өмірін құтқарып қалғаны үшін «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанат Дусубаева Арқалық – Қостанай жолаушылар пойызында келе жатып, күтпеген жерден есінен ауып құлаған жолаушыны құтқарып қалған болатын.
– Пойызда отырғанымызда жанымда отырған жолаушы қыз аяқ астынан өзін жаман сезініп, құлап бара жатты. Мен дереу көмекке келіп, қан қысымын өлшеп, жасанды демалдыруға кірістім. Кеудесі мен аяғына суық басқан соң ғана есін жинады, – дейді Салтанат.
Келесі Есіл станциясына жеткенде науқасты жедел жәрдем дәрігерлері күтіп алған. Дәрігерлік білімі жоқ болса да, Салтанаттың дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетуінің нәтижесінде жолаушы қыз аман қалды.