Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нәзік иықтағы ауыр жүк

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.

Соңғы жылдары полиция формасын киген кыздардың қызметке көптеп келуін аңғаруға болады. Әрине, ер азаматқа тән мамандықты таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін бір ғана табандылық пен қайсарлық аздық етеді. Ал мамандығына деген сүйіспеншіліктің болуы міндетті түрде өз қызметін мінсіз атқаруға жеткізетін қағида.

Жанерке Әзімхан өзінің күнделікті жұмысы таңғы 8-де басталатынын және қызметіне әр күн сайын сергектікпен келетінін айтады. Тап-тұйнақтай, жинақы, әрі тың жүру оның бойына бала кезінен сіңген қасиет. Оның құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманы осыдан 4 жыл бұрын орындалды. Дәлірек айтсақ, 22 жасында полиция қызметіне кіріскен бойжеткен жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Сол кезден бері полиция қызметінің ыстығы мен суығына төзіп, антына адал болып келеді. Өзінің ашық та жайдары, көпшілікпен тез тіл табысқыш мінезі қызметіне көп көмегін тигізетінін де жасырмайды. Жұртты жатырқап, ұяңдық таныту оның жадына жат нәрсе. Неғұрлым сыпайы, әрі ақкөңіл болсаң, адамдардың да саған деген сенімі арта түседі дегенге көзі жеткен.

– Полиция қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын екенін бала кезімнен біліп өссем де өзім осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Атам мен әкемнің ізін жалғаймын дегенде ең бірінші болып мені атам қолдаған, “жүрегің қаласа бар, жұмыс жаса, халыққа көмек көрсет” деді. Қай қызметті алсаңыз да оңайы кездеспейді, барлық жерде талап қатаң болуы заңдылық. Ал, талап болған жерде жұмыстың сапалы болатыны және рас. Дегенмен өз мамандығыңды шын сүю барлық кедергілерді жоятын алып күш секілді. Әлсіздік таныту да мамандығымызға жат. Сөзің нық, әрі шыншыл болу кездесетін қиыншылықты жоюдың жолы, – дейді Жанерке Асылханқызы.

Әрине, жауапты жұмыста босаңсуға болмайтынын Жанерке жақсы біледі. Оның бүгінгі таңда атқарып отырған міндеті жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың ағат қадамға баспауы үшін алдын алу жұмыстарын жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар, Жанерке Тараз қалалық полиция басқармасының қоғаммен байланыс бойынша ресми өкілі қызметін де қоса атқарады. Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, білімі мен қабілетін ұйқастыра білген жас маман аз ғана жылдың ішінде жоғары жетістіктерге, басшылық тарапынан марапаттарға ие болды.

Жұмысына тындырымды Жанерке осы жылдарда тікелей басшысы Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының алғыс хатымен, облыстық полиция департаменті бастығының грамотасымен, ҚР ішкі істер министрінің алғыс хатымен марапатталған. Оған қоса, халықтың да ризашылығын алып, Тараз қаласы әкімінің, Қазақстан волонтерлік одағының арнайы алғыс хаттарына ие болды.

– Подполковник шенінде отставкаға кеткен атам Әзімхан Зәуірбековтың, қазір де жауапты қызметтегі әкем Асылхан Зәуірбековтың жолын жалғап отырып, менің мықты полиция қызметкер болуым – екі есе үлкен жауапкершілік. Ол кісілердің есімдеріне дақ түсірмей, қызметте абыройлы болу мақсатым. Осындай жауапты да қиын қызметке келуіме менің табандылығым себепкер болды. Ер азаматқа тән мінезім де бар секілді. Екі сөйлегенді жек көремін. Тәртіпке бағынғандардың, шынайы болғандардың жағындамын. Болашағымды басқа саламен байланыстыра алмайтын сияқтымын. Құқық қорғау қызметі менің таңдауым, – дейді жас маман Жанерке.

Күнделікті қызметінде таң атқаннан түн жарымға дейін болатын нәзік жанды Жанеркенің өмірлік жолдасы да құқық қорғау саласында. Олар бір-бірінің жұмысына құрметпен қарайды. Отбасында түсіністік пен сыйластықты алға қойған жас жанұя елге қызметті жақсы сезініп, оны адал атқаруға бел буған.

Міне, тағы да нұрын шашып таң атты. Алда жаңа күн, жаңа тапсырмалар. Оның қызығы мен шыжығы бір тәулікке дейін созылатынын біледі. Уақытпен санаспай елге қызмет етуге асығып бара жатқан Жанеркенің алдында бағындырар талай белес тұр. Ендеше, іске сәт!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру