Алматы жолдарында мопедтер мен электросамокаттар бойынша іс-шара жүргізілуде
Алматы жолдарында мопедтер мен электросамокаттар бойынша іс-шара жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілінің басталуымен мопед, электросамокат тізгіндейтіндердің саны артып, соның салдарынан – олардың қатысуымен болатын ЖҚЕ бұзу деректері көбейді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мобильді көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 4 есеге артқан.
– Баламалы көлік түрлерін басқаратын адамдардың ҚР ЖҚЕ бұзу деректерін анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мәселен, алдын алу іс-шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер ҚР ЖҚЕ бұзудың қырықтан астам дерегін анықтады. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚбК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, мопед тізгіндеген екі жасөспірімнің ата-анасы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Диас Дуанбеков.
Баяндамашының айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Алматыда мопедтер мен электросамокаттардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 81 адам жарақат алса, тағы біреуі қайтыс болды. Айтпақшы, самокат пен скутерде балалардың қатысуымен 21 ЖКО тіркеліп, нәтижесінде 23 бала жарақат алды.