Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматылық әйел 80 мыңдай АҚШ долларын интернет-алаяқтарға аударып жіберген

Алматылық әйел 80 мыңдай АҚШ долларын интернет-алаяқтарға аударып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

55 жастағы К.есімді азаматша алаяқтар тобының қылмыстық желісіне түсіп қалды. Белгілі болғандай, әйел адам бір аптадай қылмыскерлердің талаптарын орындап келген. Ол олардың өзінің жинаған ақшасын қорғауға тырысып жатқанына сенімді болған.

– Қаскөйлер 21 қазанда ұялы телефон арқылы жәбірленушіге қоңырау шалғаны анықталды. Олардың бірі өзін банк қызметкерімін, екіншісі полицеймін деп таныстырды. Екеуі де оның шотына белгісіз біреулер шабуыл жасағанын айтып, ақшаны одан әрі “қауіпсіз шотқа” салу үшін “банк маманына” тапсырып, сақтауды ұсынған. Содан кейін әйел адам, бейтаныс адамға 74 707 АҚШ доллар мен 1,3 млн теңге берген. Келесі күні К.есімді азаматшаға тағы да “банк қызметкерлері” телефон соғып, 2 млн теңге көлемінде несие алуға көндірген. Әйел қаскөйлердің бұл талабын да орындаған. Тек 1 қарашада ғана алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу-жедел тобы құрылды.

– Қабылданған шаралар нәтижесінде үш адам анықталып, ұсталды. Олар 24 жастағы С.есімді азамат, 26 жастағы А.есімді азамат және 27 жастағы С.есімді РФ азаматы. Күдіктілердің жалға алған кеңсесінде 20 ұялы телефон нөмірі және әртүрлі екінші деңгейлі банктерде ашылған 52 банк картасы табылып, тәркіленді. Жауап алу кезінде ұсталған адамдар қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен, криптовалютаға айырбастаумен айналысатындарын, бұл істен өз пайдасын алатындарын мойындады. Қазіргі уақытта қылмыстың басқа да сыбайластары, сондай-ақ басқа да ықтимал эпизодтарды анықтау бойынша жедел және арнайы іс-шаралар жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды, – деді Өтебаев.

Сонымен қатар, Алматы қаласының прокуратурасы осыған ұқсас эпизодтарды болдырмау үшін азаматтарды сақтық пен қырағылыққа шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру