Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында арқарды өлтірген браконьер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері Қызыл кітапқа енген тау арқарын ұстап, сойып алған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz

Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғыннан арқар етін тапты.

Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы Алмас Серіков күнделікті жұмысын атқару кезінде таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып, не мақсатпен жүргенін сұрастырды. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп, күмәнданған полицей тексереді. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды.

Сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшылары сезікті жас жігіттен жауап алу барысында ол қаптағы ет арқардың еті екенін, оны ұстаған кезін өз телефонына түсіріп алғанын жеткізді. Анықталғандай, мал бағып жүрген жас жігіт өзінің иттерімен бірге арқарды ұстап алған. Бұдан кейін аталмыш жануарды сойып алып, қайтып келе жатқанында полицейге ұсталған.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру