Алматыда 114 мопед жүргізушісіне 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды
Алматыда 114 мопед жүргізушісіне бір тәулікте 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бұрын хабарланғандай, көктем, жаз кезінде Алматы полициясы жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын қадағалауды күшейтеді, бұл қаладағы жол-көлік оқиғаларына да әсер етеді. Мәселе альтернативті көлік туралы болып отыр, оның ішіне мопед, мотоцикл, скутер, самокат және тағы басқалары кіреді.
– Жазғы кезеңнің басталуымен мопедтер мен электросамокаттарды тізгіндеушілердің саны артты және соның салдарынан олардың қатысуымен болатын ЖҚЕ бұзу саны да көбейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мобильді көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 4 есеге артқан. Баламалы көлік түрлерін пайдаланатын адамдардың ҚР ЖҚЕ бұзу деректерін анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Мәселен, алдын алу іс-шарасының бір күнінде алдыңғы шептегі бөлімшелер, мопед жүргізушілері жасаған ҚР ЖҚЕ бұзудың 114 дерегін анықтады. Құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 615-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 698 мың 364 теңгені құрады, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 6 айында Алматыда мопедтер мен электросамокаттардың қатысуымен 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 81 адам жарақат алса, тағы біреуі қайтыс болды. Самокат пен скутерде балалардың қатысуымен 21 ЖКО тіркеліп, салдарынан 23 бала жарақат алды.