Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“102”. Омниканалдық жүйе қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етті?

2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтылған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жасау туралы тапсырмасына сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігі “Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үдерісінің омниканалдығы” пилоттық жобасын іске қосты. Осы жоба шеңберінде азаматтардың өтініштерін қабылдаудың омниканалды процесіне арналған “102” мобильдік қосымшасы әзірленді, – деп хабарлайды Polisia.kz редакциясы Saqshy газетіне сілтеме жасап.

Жүйенің басты мақсаттарының бірі – азаматтарға ІІМ орталық аппараты мен аумақтық бөліністерінің қызметіне жүгіну үшін түрлі арналарды ұсыну. Жүйелі жұмыстың арқасында азаматтарда Android және iOS операциялық жүйелері үшін қолжетімді “102” мобильді қосымша көмегімен “SOS” батырмасы арқылы шұғыл шақыру мүмкіндігі пайда болды.

Шұғыл шақыру кезінде қоңырау шалушының орналасқан жеріне байланысты шақыру белгілі бір аумаққа қызмет көрсететін жедел басқару орталығына немесе аудандық полиция бөліміне таратылады. Жедел қоңырау бейнеқоңыраумен бірге жүреді, ал мұндай қоңырауды қабылдаған операторға бейнеден басқа қоңырау шалушының нақты орналасқан жері көрсетіледі. Жедел қоңырау аяқталғаннан кейін қоңыраудың бейне және аудиожазбасы сақталады. Сондай-ақ “102” мобильді қосымшасында да тіркеу кезінде азаматтардың Жедел басқару орталығы желісі бойынша хабарлама қалдыру мүмкіндігі бар. Мәселен, жол-көлік оқиғасы туралы, жол жүру ережесі қағидаларын бұзу жайлы, белгілі бір тәртіп бұзылған оқиғаға куә болсаңыз, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы көзіңіз көріп, құлағыңыз естіп тұрған оқиғаларға тап болсаңыз, “102” мобильді қосымшасы тәулігіне 24 сағат бойына тынымсыз жұмыс істейді.

ІІМ Ақпараттық және байланыс департаменті Озық технологиялар басқармасының бас маманы Әділ Сәрсенов омниканалдық жүйенің халық үшін аса тиімді, әрі қолайлы екенін айтады. Жүйе іске қосылғалы бері 63,5 мыңнан астам жүктеу енгізіліп, оның ішінде 45,5 мыңы PlayMarket-тен, 18,1 мыңы AppStore-дан жүргізілген.

– Жедел басқару орталығы желісі бойынша хабарламалар өтініш берушінің географиялық орналасқан жеріне сәйкес бөлінеді және тиісті Жедел басқару орталығы немесе аудандық Полиция басқармасына келіп түседі. Жүгінген азаматтар мәтіндік ақпаратты, фото және бейнематериалдарды қоса жібере алады. Бұл жүйеде желілік хабарламадан басқа “102” мобильді қосымшасы тіркелген азаматтарда ІІО қызметтері үшін қабылдауға жазылу, Әкімшілік полиция қызметі, Көші-қон қызметі, Ішкі істер органдарына қалай орналасуға болатыны, полиция қызметкеріне шағымдану, терроризм және экстремизм көріністеріне қарсы қарсы іс-қимыл, сондай-ақ тергеу мәселелелері бойынша да өтініш қалдыру мүмкіндігі бар, – дейді спикер.

Жіберілген өтініш ең алдымен санаты бойынша енгізіледі де, жауапты қызметкерлерге жүктеледі.

“102” мобильді қосымшасынан басқа жүйе азаматтарға 24/7, яғни 365 күн режимінде жұмыс істейтін арнайы арналар арқылы да  қолжетімді чат-боттарды ұсынады.

– ҚР ІІМ ресми сайты, Telegram-хабарламалармен алмасу сервисі, Facebook Messenger, VK және Чат-боттар арқылы азаматтар сұраулары бойынша мәтіндік кеңес ала алады. Чат-бот жауап бере алмай қалған жағдайда да, өтінішті тіркей алады. Кез келген азамат өзіне кажетті ІІМ қызметтері үшін өтініш қалдыра алады, – дейді Әділ Корешокұлы.

Жүйеде ІІМ-не келіп түскен шұғыл шақырулардың санын қадағалауға, қосымша жұмыс орындарының санын болжауға, чат-боттарға сұрау салу бойынша трендтерді бақылауға, өтініштерге уақтылы жауап беруді қадағалауға, пост-мониторингтің арқасында шақыруларды өңдеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін талдамалық және статистикалық деректерді жинау бойынша модуль жұмысы да  жолға қойылған.

Омниканалды жүйенің өңірлердегі өзектілігі қаншалықты?

Сұрағымызға жедел жауап берген аймақтардан Түркістанда “102” мобильді қосымшасының 2021 жылғы 10 қаңтардан бастап жұмыс істеп келе жатқанын білдік. Қосымша іске қосылған күннен бастап бүгінге дейін облыс бойынша келіп түскен хабарлама саны 1764-ке жеткен. Оның ішінде 33 бейнехабарлама, 99 аудио, ал мәтіндік хабарлама саны – 1672. Соңғы бір ай уақыттағы көрсеткішке келсек, барлығы 307 хабарлама түскен.

Мәселен, “102” мобильді қосымшасының көмегімен осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан қаласында әлеуметтік желі белсендісі ұялы телефонындағы “SOS” батырмасын басу арқылы өзі куә болған құқық бұзушылыққа құқық қорғау органдарынан  шара қолдануды сұраған. Оның айтуынша, көп қабатты пәтерлердің бірінде әйел адам дәлізге қоқыс тастап, теріс әрекет жасаған. Тұрғынның қоңырауын қабылдаған Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкері жедел түрде шағымды заңдастыру үшін учаскелік полиция инспекторын аталған мекенжайға бағыттаған. Осылайша құқық бұзушы әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырылған. Бұл бір ғана мысал.

Шымкентке сұрау салғанымызда келіп жеткен мәліметтер де өңірдегі полицейлердің жұртқа жақындығын анық аңғартқандай. Шымкент Қалалық ПД Жедел басқару орталығына  “Азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің омниканалдығы” пилоттық жобасы кезінен, яғни 2022 жылдың қаңтар айының бірінші жұлдызынан бастап  осы жылдың 31 шілдесіне дейін 766 шақырту түскен. Оның 665-і бейнекамера арқылы болса, ал 101-і жазбаша шақырту түрінде тіркелген.

Қарағанды облысында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап шілденің соңғы күндеріне дейін “102” мобильді қосымшасы арқылы 322 қоңырау мен 491 хабарлама келіп түскен. Түскен шағымдарға орай бір ғана Қарағанды қаласы бойынша 642 хаттама толтырылған.

Алып шаһар Алматы мен елордадағы көрсеткіштер де жүйе жұмысы арқылы халық пен ішкі істер органдары арасындағы кері байланыстың қарқын алғанын анық көрсетеді. Алматы қаласында қосымша арқылы жыл басынан 1 тамызға дейін барлығы 1873 хабарлама келіп түссе, оның 113-і аудио-бейне хабарлама, 1760-сы мәтіндік хабарлама. Өтініш, шағымдарға орай 101 хаттама толтырылған.

Елордада полицияның сервистік моделінің пилоттық жобасын кең ауқымда жүргізу нәтижесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту үшін модульдік үлгідегі стационарлық бекеттер ашылды. Олар қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін адамдар көп жиналатын жерлерде орнатылған. Құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын сақтау мен тыныштықты бұзғаны үшін тағайындалатын жазаның бұлтартпастығы  бірінші кезекте тұр.

Тұрғындардың полициямен байланысы, құқық бұзушылықтардың жолын кесу және қылмысты ізін суытпай ашу үшін “102” мобильді қосымшасы бойынша азаматтардың полицияға хабарламаларын қабылдау жүйесі өз тиімділігін көрсетті. Жыл басынан бері елорда бойынша 1 947 өтініш омниканалдық жүйе арқылы қабылданған.

Міне, республикалық маңызы бар ірі қалалар аумағы бойынша сандық деректер осылайша сөйлейді.

Қазіргі уақытта жүйеде Жедел басқару орталығы (ЖБО) мен Автоматтандырылған бағдарламалар кешенін (АБК) біріктіру бойынша жұмыстар қолға алынған. Мұндай интеграция ЖБО операторларына оқиға картасын күштер мен құралдарды басқару тобының кезекшісіне жолдауға мүмкіндік береді де, олар өз кезегінде экипажды тағайындау туралы шешім қабылдайды.

Сондай-ақ ІІМ тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді де “102” мобильді қосымшасы және чат-боттар арқылы ұсыну жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні ел бойынша омниканалдық жүйеде  қоңырауларды қабылдау үшін 300-ден астам оператор және азаматтардың мәтіндік өтініштерін өңдеу үшін ІІО-ның 2600-дей қызметкері жұмыс істейді.

Жүйе іске қосылғаннан бері мобильді қосымшасы арқылы 151,5 мың хабарлама келіп түссе, оның ішінде 89,1 мың қоңырау, 24,5 мың мәтіндік хабарлама  тіркелген. 37,8 мың мәтіндік хабарлама  түрлі мессенджерлерден келген. Нақтырақ айтсақ, 25 751 өтініш-хабарлама ІІМ сайтына, 4317-сі  Facebook-ке, 7161-і Telegram-ға, 575 хабарлама Vkontakte желісіне келіп  тіркелген.

Бұл орайда азаматтардың құпия мәліметтерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полицияға жалған шақырулардың түсуін болдырмау мақсатында мобильді орталықта пайдаланушыларды логин, пароль және электрондық пошта арқылы авторизациялау қарастырылған.

– Қазіргі уақытта “102” мобильді қосымшадағы автокөлік ақпаратын қарау сервисінде VIN-код және мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша көлік құралын тіркеу, куәліктің нөмірі арқылы толық іске асырылады. Бұл пайдаланушыларға көлік құралының тарихын мемлекеттік дерекқордан еш кедергісіз алуына мүмкіндік берді.

Ведомствоның азаматтарға арналған бұдан бөлек өзге де қажетті сервистерін мобильдік қосымшаға онлайн шығару мәселесі пысықталып жатыр. Сервистерді тестілеу сатысы өткізілгеннен соң көрсетілетін қызметті алушыны міндетті түрде сәйкестендіру қажет. Сәті түссе, бұл жұмыстарды да енгізу жоспарланып отыр, – дейді ІІМ Ақпараттық және Байланыс департаменті Озық технологиялар басқармасының бас маманы Әділ Сәрсенов.

Авторы: Әсел Жақсыбай

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру