Алматыда айлалы алаяқ қарапайым азаматтардың есебінен 35 миллион теңгеге байыды
Алматыда ірі көлемдегі алаяқтықпен айналысқан азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Біздің басқарманың тергеу бөлімі ірі көлемдегі алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр. Заңсыз әрекеттерді Түркістан облысының тумасы 1987 жылы туған К. есімді азамат жасаған. Күдіктінің 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтен адамдардың қаражатын заңсыз түрде ірі көлемде иемденіп алғаны анықталды.Күдікті пайдакүнемдік мақсатпен өз таныстары мен достарының арасында Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарына түсіруге мүмкіндігі бар екенін, келесі бір таныстарына мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер алуға көмектесе алатынын, басқаларға жер учаскесін алуға ықпал ете алатыны туралы қауесеттер таратқан. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 35 миллион теңгеден асады. Олардың үшеуі полицияға шағым түсірді», – деді Алмалы ауданы Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3- бөлімі (Ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Алматы қаласының ПД осы азаматтың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендердің барлығына төмендегі телефон нөмірлері арқылы хабарласуларын сұрайды:
8 (705) 771-13-71
8 (702) 333-42-64
8 (775) 106-18-84