Алматыда бір күнде тыныштықты бұзған 18 мопед жүргізушісі полицияға жеткізілді
Тыныштықты бұзу деректері бойынша Арбатқа іргелес үйлердің тұрғындарының жүйелі арыздануынан кейін құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Алматы полициясы профилактикалық іс-шараларды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біраз уақыттан бері жаяу жүргіншілер аймағы азаматтардың сүйікті демалыс орнына ғана емес, мопед жүргізушілерінің де бас қосатын орнына айналды.
– Ал әрбір жиналған сайын қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзу қатар жүреді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың орынды наразылығын тудыруда. Белгіленген аумақта жаяу патруль, іргелес аумақта автокөлік патрульдері күшейтілді. Мәселен, өткен түнде ғана полицияға Арбатта тыныштық бұзу бойынша бес дабыл келіп түскен. Мопед мінген 18 жүргізуші шара қолдану үшін полицияға жеткізілді. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 5 күнде Арбаттан тәртіп бұзған барлығы 63 мопед жүргізушісі Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді, – деді Алматы қалалық ПД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Данияр Тасубаев.
Жыл басынан бері ЖҚЕ бұзғаны үшін 4748 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.