Алматыда есірткі сатушы мен порностудия иесі ұсталды
Алматыда есірткі сатушы мен порностудия иесі ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz
Жедел әрекет есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлерін Алматыдағы түнгі клубтардың біріне апарды. Онда 20 жастағы В. есімді азамат көзге түсті.
- Ол жұмыс орнында ұсталды. Жеке тінту барысында күдіктіден клиентке сатпақ болған синтетикалық есірткі салынған бума тәркіленді. Мәміле болған жоқ. Сараптама қорытындысына сәйкес, есірткі психотроптық зат меткатинон – 4метилметкатинон (мефедрон) аналогы. Сонымен қатар осы клубтың тұрақты келушілерінің бірі – 26 жастағы М. есімді азаматқа қатысты да жедел және арнайы іс-шаралар өткізілді. Оның тұрғылықты жері бойынша рұқсат етілген тінту жүргізілді. Тұрғын үйдегі кәдімгі пәтер, белгілі болғандай, есірткі тұтынатын адамдардың орнына айналды. Сол жерде 6 адам ұсталды. Қазір олардың жеке басы тексеріліп жатыр, - деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Жедел уәкілдердің айтуынша, есірткі тұтынатын орынның иесі порностудияны да құрған. Ол Алматы қаласының элиталық шағын ауданында орналасқан.
- Онда 18 және 22 жастағы екі қыз жұмыс істеген. Жедел деректерге сәйкес, олар - нашақорлар. М. есімді азамат оларды есірткімен қамтамасыз етеді. Порнографиялық мазмұндағы бейнероликтер таратылатын WEBKAM студияны ер адам бірнеше ай бұрын құрған. Қазіргі уақытта оның әрекетін ҚР ҚК-нің 311-бабы бойынша саралау мәселесі шешілуде. Негізгі қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, - деді Әлмағамбетов.