Алматыда мопед жүргізушілеріне бақылау күшейтілді
"Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жетісу ауданының патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алды. Әсіресе, соңғы уақытта жиілеп кеткен екі дөңгелекті көлік құралдарын басқарушылар арасындағы заң бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бар болғаны екі күннің ішінде мопед пен скутер жүргізушілеріне қатысты 360-тан астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, сақтандыру полисі мен жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, жол белгілері мен бағдаршам талаптарын елемеу секілді өрескел заң бұзушылықтар бар. Нәтижесінде 200-ден астам көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
– Мопед пен скутер жүргізушілерінің жауапсыз әрекеттеріне жол беруге болмайды. Біз тек профилактикалық жұмыс жүргізіп қана қоймай, заң аясында нақты шаралар қабылдаймыз. Жол қозғалысы ережелері – жай ұсыныс емес, ол баршаға ортақ міндет, – деді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасилов.
Қазіргі таңда аудандық полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Арнайы жасақтар күн сайын көшелерді аралап, мектеп маңында және аулаларда рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.