Алматыда «Нелегал-Кордон» іс-шарасы кезінде гастарбайтерлер ұсталды
Алматыда Түркия мен Өзбекстан азаматтары тұрғын үй салған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Гастарбайтерлер «Нелегал-Кордон» арнайы іс-шарасы кезінде ұсталды.
– Алмалы аудандық ПБ-ның қызметкерлері заңсыз еңбек етіп жүрген Өзбекстан Республикасының 28 азаматын анықтады. Олар ҚР ӘҚбК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жіберілді. Осы сәтте Бостандық аудандық полиция басқармасының тәртіп сақшылары Ганди көшесінің бойындағы құрылыс нысандарының бірінде жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ Өзбекстан Республикасының 15 азаматын және Түркияның 3 азаматын анықтады. Бұл шетелдіктер ПД қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды. Айта кетейік, жұмыс беруші – 43 жастағы А.есімді азаматқа қатысты да әкімшілік шара қолданылды, ол ҚР ӘҚбК-нің 519-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке және 30 АЕК көлеміндегі әкімшілік жазаға тартылды, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сондай-ақ, бөлімшенің мәліметінше, іс-шараның үш күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 571 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 272-сі шетел азаматтары. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 17 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырудың екі дерегі анықталды.