Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда патрульдік полицейлер 9 жасар Айша Тимурды қалай тапқанын айтып берді

Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері 9 жасар Айша Тимурды қалай тапқанын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7 желтоқсан күні кәмелетке толмаған Айша Тимурдың жоғалғаны туралы хабар Алматыны дүр сілкіндірді.

Таңертеңгі сағат 07:40-та қыз бала үйден шығып кеткен, бірақ мектепке дейін жетпеген.

– Бізге сағат 09:00 шамасында 9 жасар Айшаның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Белгілері: қызғылт күртеше, көк қалпақ, қызыл сөмке, қара етік. Біз мекенжай бойынша бардық. Ақпарат расталды. Баланы іздестіру жұмыстарына Түксіб аудандық ПБ-ның жеке құрамы, Алматы гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылды. Біздің ауысым сағат 16:00-де аяқталды. Бірақ күндізгі іздестіру нәтиже бермегендіктен, мен және әріптестерім қызметте қалып, баланы іздеуді жалғастырдық. Мен – үш баланың әкесімін. Қыздарымның бірі – Айшамен құрдас. Мені Айшаның тағдыры қатты алаңдатты. Бүкіл гарнизон, Алматы қаласының барлық тұрғындары қыз үшін алаңдады, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің инспекторы Алмас Құрақбаев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, бейнебақылау жүйелерінің арқасында қыздың троллейбусқа мінгенін анықтау мүмкін болды.

– Жүргізушінің нөмірін троллейбус паркінің диспетчерінен сұрадық, оған телефон соқтық, ол Айшаның троллейбуста екендігін растады. Бұл туралы дереу ЖБО-ның кезекшісіне хабарладық. Еріктілермен бірге Байтұрсынов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында троллейбусты қуып жеттік. Айша ішінде болды. Мен оны көтеріп, патрульдік көлікке отырғызып, Полиция басқармасына апарып, ата-анасына тапсырдым. Құдайға шүкір, ол аман-есен табылды, – деді полиция қызметкері Құрақбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру