Алматыда ЖИҚ-тың мерекелік жиыны өтті
Алматыда ЖИҚ-тың мерекелік жиыны өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу жылының аяқталуына орай, Алматыда осыменен 50-рет “Жас инспекторлар қозғалысы” мерекесі өткізілді.
– Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан аталған кең көлемдегі іс-шараның мақсаты –балалардың қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғаларының алдын алуға және жол көлік оқиғасы салдарынан балалардың зардап шегуіне жол бермеуге қоғам назарын аударуға бағытталған. Соңғы төрт айда қаламызда балалардың қатысуымен 200 ЖКО тіркеліп, салдарынан 197 бала жарақат алса, өкінішке орай 3-і көз жұмды. Ескерте кететін бір жайт, қаламызда 15-мамырдан бастап “Абайлаңыз, балалар!” атты республикалық кең көлемдегі алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Ал Алматы аумағында ЖИҚ-тың жұмысы жас полицейлер отрядының танылуы үшін қайта жандандырылып отыр.
Бұл жолғы қалалық слетке 8 аудан бойынша 8 команда қатысты. 7 кезеңдік конкурс бойынша бақ сынаған жас инспекторлар “Саптық түзілім», «ЖЖЕ-нің білгірі», «Велосипедшілер конкурсы», «Жас реттеуші», «Жас санитар», «Эрудиттер турнирі» сияқты кезеңдер бойынша жарысты.
Жарыс нәтижесі бойынша, бас жүлдені Түрксіб ауданы аумағында орналасқан №106 мектеп командасы иеленді. І орынды – Наурызбай аудандық №192 мектеп командасы алса, ІІ орынды – Жетісу ауданы №137 мектеп командасы иеленді.