Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әйгілі футболшы Давид Лория Қарағандыда балалар арасында шағын футболдан өткен турнир жеңімпаздарына марапат табыстады

Халықаралық балалар күніне орай Қарағанды облыстық полиция департаментінің базасында мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған спорт сайысына Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларынан алты команда, 60 оқушы өзара бақ сынасты.

Жарыстың негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оқушыларға бос уақытты тиімді пайдалануды үйрету және олардың арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу.

Таңсәріде басталған доп додасы өте тартысты өтті. Ала допты ұршықша иірген спортшылар өздері оқитын мектептің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты. Шараға департамент бастығы Санжар Әділов пен даңқты жаттықтырушы, Қазақстан құрамасының үздік қорғаушысы, ел чемпионы Игорь Солошенко, Қазақстан құрамасының үздік қақпашысы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Давид Лория, футбол жанашыры, қоғам қайраткері Асқар Ұранхаев және ішкі істер органдарының ардагері Ерік Қуанышбеков қатысты.

– Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Осы алаңда тұрған барлық қатысушылар алдағы уақытта спорттың осы түрінен әлем чемпионы болады деген ойдамын. Бүгін баршаңызды арнайы құттықтау үшін атақты футболшылар келіп отыр. Сайысқа қатысқан оқушыларға алғысымды білдіремін, – деді полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Департамент бастығының құттықтау сөзінен кейін жарыс қорытындысы бойынша жеңіс тұғырынан көрінгендерді марапаттау рәсімі өтті. “Үздік шабуылшы” номинациясы бойынша Нұрлан Жұмағазин, “Үздік қақпашы” номинациясы бойынша Тимур Мурзагельдин, “Үздік ойыншы” номинациясы бойынша Темірлан Ерденов марапатталды. Жеңімпаздарға жүлдені қонақтар табыстады.

Ала доп сайысының ең шешуші сәтінде жүзден жүйрік шығып, жүлделі орындарды үш команда өзара бөлісті. Үшінші орынды Қарағанды қаласы Нұрмақов атындағы мектептің командасы иеленсе, екінші орынды Саран қаласынан келген мектеп оқушылары, ал бірінші орынды Теміртау қаласы Ғабиден Мұстафин атындағы мектептің оқушылары қанжығаларына байлады.

– Осындай шара ұйымдастырып жатқан облыстық полиция департаментіне алғысым шексіз. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың бос уақытын ұтымды пайдалану үшін осындай іс-шаралар өте қажет. Бүгінгі жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтаймын, – деді Давид Лория.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру