Ақмола облысында алаяқтар танысының атынан несие рәсімдеп алды
Ақмола облысында алаяқтар танысының атынан несие рәсімдеп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусымда Есіл АПБ кезекші бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғыннан алаяқтық туралы арыз келіп түсті. Өтініш берушінің айғақтары бойынша белгісіз тұлғалар оның атына Halyk Bank қосымшасы арқылы 312 мың теңге сомасына онлайн несие ресімдеді.
Барлық мән-жайларды анықтау мақсатында полицейлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде алаяқтыққа күдіктілер анықталды. Олар өтініш берушінің кездейсоқ таныстары, 26 және 30 жастағы екі жергілікті тұрғын болды.
Қаскүнемдер қоңырау шалу сылтауымен жәбірленушінің телефонын пайдаланып, оның атына онлайн несие бергені белгілі болды.
Аталған факті бойынша Есіл аудандық ПБ тергеу бөлімі ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Кейінірек күдіктілердің мойындауы бойынша, олар банк картасын пайдаланбай, жақын маңдағы банкоматтан жәбірленушіге тиесілі ақшаны алып тастады.