Ақмола облысында өртеу фактісі бойынша тергеу басталды
Ақмола облысында өртеу фактісі бойынша тергеу басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 сәуірде Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті атқарушы орган қызметкерінен 18 сәуір түнгі сағат 03.30 шамасында әкімшілік ғимаратты өртеп жіберген белгісіз тұлғаларға қатысты шара қабылдау туралы өтініш келіп түсті. Шығын сомасы 6 млн теңгені құрады.
Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы мемлекеттік орган ғимаратында түнгі сағат 03.30 шамасында өрт болғанын анықтады. Қазіргі уақытта өрт ошағы анықталып жатыр.
Тергеу бөлімі аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлігі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Оқиға болған жерді тексеру барысында өзіне тән иісі бар 3 литрлік шыны ыдыс және пластиктен жасалған зат тәркіленді.
Осы қылмысты жасаған немесе оған қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары, ықтимал куәгерлерден және куә болған адамдардан сұрау жүргізілуде.
Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ, өртті Аршалы ауданының ТЖБ қызметкерлері сөндірді.