Ақмола облысында полицияға «102» қосымшасы арқылы 158 өтініш келіп түсті
Ақмола облысында полицияға «102» қосымшасы арқылы 158 өтініш келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында «102» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Қызмет «азаматтардың хабарламаларын қабылдау процесінің бірізділігі» жобасының бөлігі, оның міндеті – полицияны халыққа жақындату және қол жетімді ету.
Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін арнайы жасалған көп арналы жүйе.
– Егер бұрын полицияны тек «102» нөміріне қоңырау шалу арқылы шақыруға болатын болса, қазір оны мобильді қосымшаның көмегімен жасауға болады. Бұл ретте оператормен бейне-қоңырау арқылы байланысуға немесе хабарлама жазуға болады. Қосымшаның артықшылықтарының бірі – тиімділік: ЖБО операторына қоңырау шалған кезде қоңырау шалушының орналасқан жері көрсетіледі. Бұл оқиға орнына жақын маңдағы автопатрульді немесе жаяу полиция нарядын уақтылы және жылдам көмек көрсету үшін жіберуге мүмкіндік береді, – деді полицияда.
Тәртіп сақшылары атап кеткендей, мобильді қосымшада өз тегіңізді, атыңызды, әкеңіздің атын, телефон нөміріңізді, электрондық пошта мекенжайыңызды көрсете отырып, толық тіркеуден өтуге болады. Бұл уақытты үнемдеу үшін жасалады: қолданба арқылы байланысқан кезде операторға деректеріңізді жазудың қажеті жоқ. Барлық ақпарат оператордың мониторында көрсетіледі. Дегенмен қосымшаны смартфонға орнатып, тек геолокация функциясын қосып, жасырын түрде де пайдалануға болады.
Оқиға куәгерлері оқиға орнынан тікелей полицияға фото және видео жібере алады.
Қосымшаны Android ОС (Play market) және iOS (App Store) смартфондарына жүктеп алуға болады.
Биылғы жылдың басынан бастап осы қосымша арқылы 158 өтініш келіп түсті, оның 14-і Көкшетау қаласы бойынша.