Ақмола облысында жоғалған оқушы жалдамалы пәтерден табылды
Ақмола облысында жоғалған оқушы жалдамалы пәтерден табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түні бойы Қосшы қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен 14 жастағы жергілікті тұрғынды іздеу жұмыстарын жүргізді.
11 мамыр күні Қосшы қаласының полиция бөліміне қаланың 43 жастағы тұрғынының 14 жасар қызы таңғы сағат 07:00-де үйден белгісіз бағытта кетіп, қайтып оралмағаны туралы өтініші келіп түсті.
Тәртіп сақшылары адамның белгісіз бағытта жоғалып кету фактісін тіркеп, дереу іздеу іс-шараларына кірісті.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен адамның контактілерін, қыздың әлеуметтік желілердегі профильдерін, оның болу орындарын тексерді, іздеулер тек қыздың тұрғылықты жерінде ғана емес, облыстың басқа да елді мекендерінде жүргізілді.
Сәтті жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер жасөспірімнің орналасқан жерін анықтады. Қыз елордада достарымен бірге жалдамалы пәтерде болған.
Кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу және жолын кесу мақсатында тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларының бос уақытын және орналасқан жерін тексеруді ұсынады.
Ата-аналардың балаларын дұрыс бақыламауы көбіне балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың себебі екендігін естеріңізге саламыз.