Ақмола облысының ҚАЖ қызметкері жекпе-жектен күміс жүлдегері атанды
Ақмола облысының ҚАЖ қызметкері елордада өткен Қазақстан кубогы чемпионатында жекпе-жектен күміс жүлдегері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерхан Уахитов 13 жасынан бастап аралас жекпе-жекпен айналыса бастады, көптеген турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Әскерден кейін жігіт әкесінің жолын қуып, Көкшетау қалалық МКҚБ-на жұмысқа орналасты, ал 2 жылдан кейін ҚАЖ-ға ауысты.
Ерхан спорттық мансабын тастамай, қызмет атқарып жүріп те жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ушу-саньда спорт шеберін, бокстан спорт шеберіне кандидатты алып, 2021 жылғы сәуірде Ерхан республика чемпионатының аралас жекпе-жегінде тұғырдың жоғары сатысына көтерілді, ал 4 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткен ушу-саньда бойынша Қазақстан кубогы чемпионатында 2-орынға ие болды.
– Мен сабырлы бала болып өстім, ата-анама ешқандай қиындық келтірмедім, отбасымызда үш ағайындымыз, ағам – қаржы қызметкері, ал інім Көкшетау қаласының № 1 ӨСБ-нің қызметкері болып жұмыс істейді. Мен әрқашан ата-анамның үмітін ақтауға тырыстым, олар мені мақтан тұта алады деп ойлаймын, – дейді Ерхан.