Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан СҚО полицейлері ұрланған 175 малды иелеріне қайтарды

Солтүстікқазақстандық полицейлер ветеринарлық қызметтің инспекторларымен бірлесіп, базарларда рейдтік іс-шаралар жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жұмыс 15 қарашада басталған “Мал ұрлығы” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде қолға алынып отыр. Мақсаты – мал ұрлығын ашу, ұрланған мал етінің сатылуын анықтау және жолын кесу. Іс-шараның алғашқы күнінде 33 сауда нүктесі, мал және ет өнімдерін тасымалдаған 73 автокөлік тексерілді. Облыс аудандарында 100-ге тарта фермерлік шаруашылық пен мал қамау орындары бақылауда болды. Ветеринария саласында 13 құқық бұзушылық тіркелді.

Петропавлдағы базарлардың бірінде қолдануға жарамсыз ет өнімі анықталды. Қала тұрғыны М. Жұмабаев ауданынан тиісті құжаттарсыз үш жылқының етін әкелген. Тексеру барысында жануарлардың лайықты жолмен сойылмағаны белгілі болды. Олар көлде суға батып кеткен. Ет тәркіленіп, жойылуға жіберілді. Ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылды.

– Сондай-ақ, мал бағу ережелерінің 31 бұзушылығы анықталды. Күзгі және қысқы маусымдарда кейбір ауыл тұрғындары жылқыларын тебінде бақташысыз ұстайды. Еркін жайылымда жүрген мал жолдарда жүргізушілерге қауіп төндіріп, мал ұрлаушылардың олжасына айналуы мүмкін. Облыс тұрғындарынан заңнаманы қатаң ұстанып, еркін жайылымға жол бермеуді сұраймыз, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.


Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шара аясында бұрын жасалған екі мал ұрлығы ашылды. Облыста жыл басынан 31 мал ұрлығы тіркелді. Олардың бүгінде 26-сы ашылды. Барлығы 185 бас мал ұрланды, олардың 175-і иелеріне қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру