Ақмола облысының тұрғыны тергеушіге алғыс білдірді
Резонанстық қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылғаннан кейін жәбірленушінің анасы Ақмола облысы ПД Целиноград аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімінің аға тергеушісі Сәуле Сүлейменоваға алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында ол қылмыстық істі тергеу барысында тергеушінің кәсібилігі, принципшілдігі мен табанды еңбегі істің әділ шешім табуына елеулі ықпал еткенін атап өтті.
– Ол істі үлкен жауапкершілікпен, аса мұқият зерттеді. Сәуле Маратқызы болмағанда, мұндай үкімге қол жеткізе алар ма едік, білмеймін. Көптеген мән-жай маған тек тергеу материалдарымен танысқаннан кейін белгілі болды. Кейін олардың барлығы сотта өз дәлелін тапты, – деді жәбірленушінің анасы.
Сәуле Сүлейменова тергеу бөлімшелерінде сегіз жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол 2018 жылы бала күнгі арманын жүзеге асырып, тергеуші мамандығын таңдады. Бүгінде оған аса күрделі әрі қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу сеніп тапсырылған.
Полиция қызметкерінің айтуынша, әрбір тергеудің нәтижесі көп жағдайда алғашында елеусіз көрінетін ұсақ-түйек мән-жайларды мұқият зерделеуге байланысты болады.
–Тергеушінің жұмысы – үлкен жауапкершілік. Сот шешімі де, адамдардың тағдыры да әрбір істің қаншалықты мұқият зерттелгеніне байланысты, – дейді тергеуші.
Полиция қызметкері үшін өмірдің күрделі сынақтарын бастан өткерген азаматтардың алғысы ерекше мәнге ие. Мұндай ризашылық әрбір тергеудің негізінде кәсібилікпен қатар әділдікке қол жеткізуге деген шынайы ұмтылыс жатқанын айқын көрсетеді.
