Ақмола полицейлері 6 млн теңгенің алюминий сымдарын ұрлау фактісін ашты
Ақмола полицейлері трансформаторлық қосалқы станцияның құны 6 миллион теңге тұратын алюминий сымдарын ұрлау фактісін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс Целиноград ауданы Қараөткел ауылының маңында болды.
10 қыркүйекте жергілікті полиция бөліміне жергілікті ЖШС өкілінен белгісіз біреулер кәсіпорынның қоршалмаған аумағынан жеке мүлкін ұрлап әкеткені туралы өтініш түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қаскөйлердің жұмыс істемейтін трансформаторлық қосалқы станцияларды бөлшектеп, 3 алюминий сым орамасын ұрлап кеткенін анықтады. Кәсіпкер залалды 6,3 млн теңгеге бағалады.
Осы факті бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бірнеше апта бойы жедел уәкілдер күдіктілердің жеке басын анықтауға және ұрланған заттарды іздеуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді. Қабылданған шаралар нәтижесінде Ақмол ауылының екі тұрғыны ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Олар сым орамаларын жеке көлікке тиеп, кейін сатып жіберген.
Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасуда.