Ақмола полицейлері аккумулятор ұрлығының бетін ашты
Ақмола полицейлері ауыр жүк көлігінен аккумулятор ұрлығының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 шілдеде Аршалы аудандық полиция бөліміне Нұр-Сұлтан қаласының 42 жастағы тұрғыны ұрлық жасалғаны туралы өтініш берді. Зардап шегуші ағымдағы жылдың шілде айының басында белгісіз тұлғалар оның Shacman автокөлігінен екі АКБ ұрлап әкеткенін хабарлады. Автокөлік Жібек Жолы ауылында тұрақта тұрған. Келтірілген шығын сомасы 200 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар Қарағанды қаласының 31 және 28 жастағы тұрғындары болып шықты. Белгілі болғандай, қаскүнемдер бұрын өтініш берушіде жүргізуші болып жұмыс істеген. Ер адам жүк тасымалдаумен айналысады.
Кезекті тапсырысты орындап Қарағанды қаласынан келген олар көлік иесінің кетуін күтіп, үлкен жүк көлігі қойылған аулаға оралып, батареяны ұрлап әкеткен. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.