Ақмола полицейлері бөтеннің көлігін басқарып жүрген мас жүргізушіні ұстады
Ақмола полицейлері бөтеннің көлігін басқарып жүрген мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қазан күні сағат 23:00 шамасында «Әскер 2» автопатрульінің экипажы Пушкин-Әуезов көшелерінің қиылысында облыс орталығының 25 жастағы тұрғынының басқаруындағы Volkswagen Polo автокөлігін тоқтатты. Полицейлердің назарын жүргізушінің көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізгені аударды. Әңгіме барысында тәртіп сақшылары Қанат Мағубаев пен Роман Иванов жүргізушіден шыққан алкогольдің иісін сезді. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші «орта дәрежелі» мас күйінде болған.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Автокөлік мамандандырылған автотұраққа қойылды.
Кейін облыс орталығының тұрғыны шетелдік көлікті ұрлап кеткені белгілі болды. Ұрлық туралы арыз Көкшетау қаласының Полиция басқармасына 8 қазан күні сағат 00:31-де келіп түсті.
Көкшетау қаласының 36 жастағы тұрғыны оянып, көлігін таппағанын айтты. Ал бір күн бұрын ол достарымен және жұмысшылармен бірге жаңа тұрғын үйді жөндеудің аяқталуын атап өткен. 25 жастағы құрылысшы сұраусыз біреудің көлігіне отырып, танысына кеткені анықталды. Алайда қайтар жолда полиция қызметкерлерінің қолына түсті.
Бұл факті бойынша ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлігіне «Автокөлікті заңсыз иемдену» сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.