Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада полицейлер мас жүргізушіні ұстады

Ақмолада полицейлер мас жүргізушіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысында "Қауіпсіз жол" республикалық акциясы аясында арнайы техниканы мас күйінде басқарған ер адам ұсталды.

Оқиға 18 ақпан күні сағат 17:00 шамасында Журавлевка кентінде болған. Учаскелік полиция инспекторы "КамАЗ" көлігін тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексермек болған. Тексеру кезінде тәртіп сақшысы ер адамның алкогольдің өткір иісін сезіп, оны медициналық куәландыруға жіберді. Тексеріс нәтижесінде жүргізушінің орташа дәрежедегі мас күйде болғаны анықталды.

Жүргізушінің өзі де алкоголь тұтынғанын мойындап, көлікті мұқтаж адамды медициналық мекемеге жеткізу үшін айдағанын түсіндірді. Алайда заң бәріне ортақ. Полицейлер оның үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамады.

Айта кетейік, Ақмола облысында 18 ақпаннан бастап "Қауіпсіз жол" кең ауқымды профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Акцияның алғашқы күнінде мас күйінде көлік басқарудың 9 фактісі және медициналық куәландырудан бас тартудың 1 фактісі анықталған.

Ақмола облысы ПД ЖПҚБ бастығы Аслан Қызбикеновтің айтуынша, кейбір жүргізушілер көлік басқару кезінде алкогольдің қаншалықты қауіпті екенін әлі де түсінбей келеді.

- Сіз тек өз өміріңізге ғана емес, айналаңыздағы адамдарға да қауіп төндіресіз. Мас күйде көлік жүргізу – орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін ауыр құқық бұзушылық. Сондықтан жүргізушілер жауапкершілікті сезініп, алкоголь ішкеннен кейін рөлге отырмауы тиіс, – деп ескертті Аслан Қызбикенов.

Құқық қорғау органдары азаматтарды жол қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Егер сіз мас күйінде көлік жүргізіп бара жатқан адамды байқасаңыз, дереу полицияға хабар беріңіз. Бұл – апаттың алдын алуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру