Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен өнерді тоғыстырған полицей

Қоғамдық тәртіпті күзетіп, азаматтардың құқығын қорғаумен қатар, шығармашылықтан қол үзбей, жанұясы мен әріптестеріне шабыт сыйлап жүрген полиция подполковнигі Сәбит Сатқанбай Polisia.kz сайтына қызметі мен өнері жайлы әңгімелеп берді.

Қызмет пен шығармашылық – бір-біріне жат ұғымдай көрінгенімен, олар тамаша үйлесім табады. Антына адал, өнерге жаны жақын полиция подполковнигі Сәбит Сатқанбай осының айқын дәлелі. Кейіпкеріміз сертке берік тәртіп сақшысы ғана емес, бойына өнердің шырайын сіңірген жан. Ол үшін қызмет – жауапкершілік, өнер – шабыт. Екі саланы қатар алып жүру кез келгеннің қолынан келе бермес, ал Сәбит бұл жолда аяғына тік тұрған жандардың қатарында.

Бала кезінен жауапкершілікті серік еткен ол әділдік жолын таңдады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау – оның басты міндеті. Ал жүрек түкпіріндегі өнерге деген сүйіспеншілігі ешқашан сөнген емес. Күнделікті жұмыстан кейін шығармашылықтың шырағын жағуды ұмытпайды.

Бүгінде ол Қызылорда облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Полиция бөлімінде өтетін мәдени шараларда белсенділік танытып, әріптестерін де шабыттандырады. Оның ойынша, темірдей тәртіп пен шығармашылық – бір-біріне кереғар ұғымдар емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын қос қанат іспетті.

Сәбит – бес ұлдың әкесі. Ол үшін ең үлкен жетістік – балаларының көзіндегі мақтаныш нұры. Қызметінің қиындығына қарамастан, ұлдарының тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Жай ғана әке емес, өнерді дәріптеп, отбасының шығармашылық жолын қолдайтын жанашыр жан.

Олардың шаңырағы тек береке мен бірліктің емес, өнердің де ордасы. Көпшілік шараларда отбасы мүшелері бірге өнер көрсетіп, бір-біріне демеу болады. Сәбиттің өмірі – тәртіп пен шабыттың, қызмет пен шығармашылықтың үйлесімді үндестігі.

- Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Бірақ мен өз ісімді сүйемін. Өнер мен қызметтің қатар жүргені маған қиын емес, керісінше, күш-қуат береді. Жан дүнием шығармашылыққа жақын болғандықтан, адамдармен тіл табысу да оңай. Бірақ ең бастысы – қандай жағдай болсын, антқа адал болу. Бұл – менің өмірлік ұстанымым, – дейді ол.

Бұл – өмірін адалдыққа, қызметін жауапкершілікке, жанын өнерге арнаған жанның жолы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру