Ақмолада жыл басынан бері алимент төлемеген 16 адамның мекенжайы анықталды
Ақмола облысында жыл басынан бері алимент төлемеген 16 адамның мекенжайы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон қызметі бөлімшелерінің қызметкерлері алимент төлемейтіндер мен борышкерлерді іздестіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді.
4 маусымда Аршалы АПБ полиция бөліміне Қарағанды облысының тумасынан өтініш келіп түсті. Азаматша бұрынғы жұбайы, Ақмола облысының тұрғыны 2013 жылдан бастап алимент төлемейтінін хабарлады. Төлем бойынша берешек 2 млн 347 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша полиция бөлімі ҚР ҚК 139-бабының 1-бөлігі (Балаларын күтіп-бағуға қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Жалпы, жылдың басынан бері ақмолалық полиция қызметкерлері алимент төлемеген 16 адамның және іздеуде жүрген 13 мемлекеттік борышкердің орналасқан жерін анықтады.