Ақмолалық тұрғынды 4 млн теңгеге сан соқтырғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр
Ақмолалық тұрғынды 4 млн теңгеге сан соқтырғандарға қатысты тергеу жүріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шортанды ауданының тұрғыны бейнеөтініште облыс тұрғындарына түзетілмейтін қателіктер жібермеу үшін белгісіз тұлғалардың банк қызметкерлері ретінде қоңыраулары кезінде мұқият болуға шақырды. Жақында облыс тұрғыны алаяқтардың құрбаны болып, 1 шілде күні Шортанды аудандық полиция бөлімінен көмек сұрады.
Алдын ала тергеу барысында 21 маусым күні сағат 12:00 шамасында өтініш берушіге белгісіз біреулер қоңырау шалып, алдау және сендіру арқылы оған ҚР банктерінің бірінде 4 млн теңге сомасында ақшалай қарыз ресімделгені анықталды.
Жәбірленушінің айғақтарына сәйкес, қылмыскерлер бірге әрекет етті. Бұл өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған ер және әйел адам болды.
Қоңырау шалушылар жәбірленушіге оның атына 7 млн теңге сомасында түрлі банктерде несиелердің ресімделгенін, ал олар ақшалай қаражатты банктерге қайтаруға көмектесе алатынын хабарлаған. Кенеттен хабарлаған қылмыскерлер жәбірленушіні қорқыныш пен стресстік жағдайда сыни тұрғыдан ойлай алмауға мәжбүр етті. Алаяқтар қысқа уақыт ішінде әрекет етуге тырысқан. Жәбірленушіге жағдайды ойлауға және талдауға уақыт бермеді.
Жәбірленушімен сөйлесу кезінде күдікті әйелге үнемі сұрақтар қойып отырып, екі банкте несие рәсімдеу туралы нұсқаулық берген. Қаржы мекемелерінің бірінде әйелдің несиесін қабылдамаған, ал екіншісінде қарызға мақұлдау келген.
Осы дерекке қатысты полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.