Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақша жоқ: сарыағаштық ер адам танысын тонады

Түркістан облысында танысын ұрып-соғып, тонап кеткен күдікті ер азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын ер азамат арызданып келеді. Ол өз арызында танысы үйінің алдында ұрып соғып, өзіне тиеслі құны 50 мың теңге болатын ұялы телефонын алып кеткен.

Аталған жайтты полицейлер тез арада ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді. Оқиға орын алған жерді мұқият қарап, қажетті шараларды атқарады. Орын алған қылмысты жедел түрде ашу мен күдіктіні ұстау мақсатында жасалған жедел жұмыстар небары тәулік ішінде өз нәтижесін берді. Ауданның тәжірибелі қызметкерлері күдікті ер азаматтың түр-тұлғасын анықтап, оны тұрғылықты үйінен ұстайды.

Тексеру жұмыстары мен сұрақ-жауап алу барысында күдіктінің қылмыс жасаған күні ішімдік ішіп алғаны анықталды. Ол жәбірленушінің үйіне мас халде кіріп, үй иесінен ішімдік үшін ақша сұраған. Жәбірленушінің “ақша жоқ” деген жауабына қанағаттанбаған күдікті, оған күш қолданып, ұялы телефонын күштеп алып кеткен.

Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіден заңсыз алған ұялы телефонды, үй иесіне қайтарып берді. Десе де істеген қылмысына байланысты күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді. Ұсталған ер заматтың қылмысы толық дәлелденіп, жинақталған құжаттардың барлығы аудандық сотқа жіберілді.

Түркістан облысының полицейлері осы сәтті пайдалана отырып, кезекті рет ескертеді: өз бағалы заттарыңызға, мүліктеріңізге әрқашан мұқият болыңыздар! Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның “102” телефонына хабар беріңіздер. Дер кезінде берілген мәліметтің қылмыстың “ізін суытпай ашуға” мүмкіндік беретінін естен шығармаңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру