Ақшасын көбейтпек болған түркістандық әйел алаяқтықтың арбауына түсіп қалды
Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы ПБ-ға Шымкент қаласының тұрғыны арызданып келген.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы белгісіз біреу ақша берсең, 10 күн ішінде 100% көбейтіп беремін деп алдағанын көрсетті. Яғни күдікті «салған ақшаң еселеп қайтарылатын болады» деп сендіріп, 500 мың теңге алған. Алайда арада біршама уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полицейлердің көмегіне жүгінді.
Аталған жайтты полицейлер ҚК 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылды. Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Полиция қызметкерлері осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жұмыстарды жүргізді. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті нәтижесінде, алаяқ әйелдің жергілікті тұрғын екені белгілі болды.Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, Алматы қаласында жүрген жерінен ұстады. Содан соң бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Сондай-ақ жеке мәліметтерді, не болмаса ақшаны желі немесе WhatsApp мессенджері арқылы ешкімге жібермеуге кеңес береді.