Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда учаскелік полицей бейнебақылау камералары арқылы 100-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті

Ел тыныштығын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция инспекторларына жүктелетін қызметтің маңызы зор. Құқық қорғау органдарының имиджін халықпен тікелей жұмыс жасайтын учаскелік полицейлердің қалыптастыратыны анық. Осындай ауыр қызметті мүлтіксіз атқарып жүрген Ақтау қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Әзімбек Саттар Polisia.kz редакциясына қызметі жайлы айтып берді.

Тәртіп сақшысы бала кезінен халыққа қызмет етіп, еліне қорған болуды армандап, мақсат еткен. Осы мақсатына жету үшін аянбай еңбек етті. Қызмет жолын учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымымен бастаған. Қазіргі таңда 29,30,31,33-шағын аудандардың жауапты учаскелік полиция инспекторы.

Аталған салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан Әзімбек құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау тәртіп сақшыларының негізгі міндеті екенін айтты.

– Қызметіміз таңғы 8:30-да саптық жиыннан басталады. Күніне 102 кезекші пульті арқылы 4, ал қызметтік және жеке ұялы телефонымызға 5-6 шақырту келіп түседі. Шақыртуға 5-7 минут аралығында жетіп, заңды шешім қабылдауымыз қажет, – дейді учаскелік полицей.

Халыққа жақын учаскелік инспектор әр шағын аудан бойынша ашылған WhatsАpp желісіндегі топтарда бар және тұрғындармен тәулік бойы байланыста. Өзі туралы мәліметтер көрсетілген ақпараттық жадынамалар қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында бекітіліп тұр.

Күн сайын түрлі жайттардың куәсі болатын тәртіп сақшысы бірнеше рет адам өмірін ажалдан арашалап қалғаны туралы баяндап, оқиғалардың мән-жайымен бөлісті.

– Халықпен тікелей қарым-қатынаста, тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтан, түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Соның бірі 2022 жылы болды. 30-шағын аудандағы тұрғын үйлердің бірінде өзіне қол жұмсамақшы болған әйел адамды аман алып қалдық. Азаматшаның бұл әрекетін мен “Қауіпсіз қала” бейнебақылау камерасының көмегімен байқап қалдым. Екінші оқиға осы, 2023 жылдың мамыр айында болды. Өзіме бекітілген аймақта қызмет атқару барысында жедел басқару орталығынан шатырдан кәмелетке толмаған жасөспірімнің секірейін деп тұрғаны туралы шақырту келіп түсті. Оқиға орнына бірден бағыт алып, жедел әрекет еткеннің нәтижесінде қыз баланы құтқарып қалдым.       Сонымен қатар, әрбір учаскелік пунктте “Қауіпсіз қала” бейнебақылау камералары орнатылған. Күнделікті қала тынысы мен шағын аудандардағы тәртіпті ұдайы негізде бақылап отырамыз. Жыл басынан аталған камералар арқылы 100-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесіп, әкімшілік хаттамалар жасақтадық, – дейді антына адал полицей.

Уақытпен санаспай ел тыныштығын күзету жолында адал қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерінде бос уақыт тапшы. Төрт бірдей шағын ауданға жауап беретін учаскелік инспектор бос уақытын отбасына арнап, спортпен шұғылданғанды жақсы көреді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру