Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында 450-ден астам малға жарық шағылыстыратын таспа тағылды

Ақтөбе облысында малға 450-ден астам жарық шағылыстыратын таспа тағылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысында полицейлер үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Малдың автожолдарға шығып кетуі өңірдегі жол қауіпсіздігіне төнетін өзекті қатерлердің бірі болып отыр. Жыл басынан бері облыста үй жануарларының қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 46 адам түрлі жарақат алған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері мал иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Профилактикалық іс-шаралар аясында 450-ден астам үй жануарына жарық шағылыстыратын таспа тағылды. Бұл арнайы таспалар, әсіресе қараңғы уақытта жүргізушілерге жолдағы малды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыстың автожолдары бойына жануарлардың 30-ға жуық макеті орнатылды. Олар жүргізушілердің назарын аударып, жолдың жүріс бөлігінде малдың кездесуі мүмкін екенін ескертуге арналған.

Полиция мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмау, олардың жолдың жүріс бөлігіне шығуына жол бермеу және қараңғы уақытта көзге анық көрінуін қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді.

Полиция ауыл тұрғындарын үй жануарларын күтіп-бағуға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жол қауіпсіздігі тек жүргізушілерге ғана емес, мал иелеріне де байланысты.

Қараусыз жүрген малдың өзі қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау адам өмірін сақтауға көмектеседі!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру