Ақтөбеде өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші анықталды
Ақтөбеде өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында жол ережесін бұзған Opel Vektra автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің бұрын мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылғаны анықталды, сонымен қатар жүргізушінің жай-күйі тәртіп сақшыларында күдік тудырды. Жүргізілген сараптама жүргізушінің мас күйінде екенін көрсетті.
Бұл факті бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, 5-29 ақпан аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шараның төрт күнінде полицейлер 21 мас жүргізуші анықтады.