Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО тұрғыны қатты боранда көмектескен полицейлерге алғыс білдірді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Арай Жаңатұғанова дауыл кезінде өзін және отбасын құтқарған полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл оқиға Астанадан жолға шыққан азаматтардың басынан өткен.

– Полиция қызметкерлері өздерін емес, бізді бірінші орынға қойып, біз үшін алаңдап қолдарынан келгенін аяп қалмады. Мұндай жайттарды айтқанда “бұл – олардың міндеті” дейтіндер көп болуы мүмкін. Алайды мұндай жақсылық жасау – адамгершіліктің үлгісі. Біз 7 ақпан күні Астанадан шыққанда жол ашық болған. Солтүстік Қазақстан облысына кірген кезде боран басталып кетті. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда қар құрсауында қалдық. Оның үстіне көліктен ақау шығып, пешіміз істен шықты. Көлікте мен, ұлым, күйеу балам, оның әкесі, сондай-ақ қызым 8 айлық шақалақпен болды. Көлік іші бірден салқындап кетті. Баланы тондырып алмайық деп бәріміз сырт киімдерімізді оның үстіне жаба бастадық. Шынына келсек, жол нағыз тозаққа айналды. Біреу қарға батып жатты, біреулер өтіп бара жатты. Біз ең болмағанда баласы бар әйелді алып кетуді сұрадық – ешқандай көлікте орын болмады. Бораннан жол көрінбейді, бір метр қашықтықтағы адамның өзің көру мүмкін емес. Үйде балалар күтіп жатыр, ал біз тоңып отырмыз, оның үстіне нәресте де жылайды – Құдай ешкімге мұндайды көрсетпесін, – дейді алғыс иесі.

Содан жолда қалған азаматтардың бірі учаскелік полиция қызметкеріне хабарласқан.

– Ұлым учаскелік полцейге хабарласты. Көп ұзамай Сайран есімді полиция қызметкерімен бірге жол сақшылары мен КамАЗ келіп, жолды тазалай бастады. Мені, қызымды және немеремді қызметтік көлікке отырғызды. КамАЗ жолды тазалап жатқанда полиция қызметкерлері көлігімізді күрекпен қазып алуға көмектесті. Жол сақшысы Ризабек көліктің алдында жүріп, жол бастады. Содан кейін КамАЗ алдымызға шығып алып жолды тазалай бастады. Алда тұрып қалған басқа да көліктер болғандықтан бізді полиция қызметкерлері қызметтік көлікпен үйге жеткізіп тастады. Біраз уақыттан кейін полиция және басқа да қызметтермен бірлесіп жолда қалған адамдарға көмек көрсеткеннен кейін ұлым да оралды, – деп толықтырды тұрғын.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нарлан Жұмабаев хабарлағандай, аталған учаскеде адамдарға учаскелік инспекторы, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Сайран Исмағұлов, Ризабек Ерсайынов, Қайрат Оразбеков пен Дамир Әбдірахманов, сондай-ақ жол пайдалану учаскесі жұмысшылары және жергілікті “Нежинка-Ерке” ЖШС инженері Андрей Шишков көмек көрсетті. Дауыл кезінде басқа да қауіпті жағдайларға жол берілмеді. Аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы қозғалысты шектеуге және жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру