Ақтөбеде қоғамдық жұмыстан бас тартқан есептегі сотталған 12 тәулікке қамалды
Ақтөбеде қоғамдық жұмыстан бас тартқан есептегі сотталған 12 тәулікке қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі пайдаланғаны үшін 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу жазасы тағайындалған Ақтөбе қаласының тұрғыны 2022 жылы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласы Алматы аудандық пробация қызметінің есебіне алынды. Алайда өзіне жаза түрінде тағайындалған 80 сағаттық қоғамдық жұмыстың 32 сағатын ғана орындаған сотталған Б. қалған 48 сағатты орындаудан себепсіз бас тартады.
Сот белгілеген жаза өтеу тәртібінен бас тартқаны, яғни қоғамдық жұмысты толық орындамағаны үшін пробация қызметкерлері есепте тұрған азаматтың жазасын қамау түріне ауыстыруға қатысты Ақтөбе қаласының №2 сотына жадығат жолдайды.
Тиісінше Сот пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырып, сотталғанды 12 тәулікке қамауға алуға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.