Ақтөбеде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлердің рухына тағзым етілді
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінде қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерін еске алуға арналған тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері және полиция қызметкерлері қатысты.
Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысында қызметтік борышын атқару кезінде тоғыз полиция қызметкері ерлікпен қаза тапты. Сонымен қатар пандемия кезеңінде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында тағы екі қызметкер өмірден озды. Олардың Отан мен халық алдындағы адал қызметі, батылдығы мен жанқиярлығы кейінгі буын үшін әрдайым үлгі болып қала береді.
Бүгінде өңірде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының есімдерін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Батырлардың есімдері көшелерге беріліп, білім беру ұйымдарында "Жас сақшы" полиция сыныптары ашылған. Бұл бастамалар жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, полиция қызметіне деген құрметті арттыруға және ерлік дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған.

Іс-шара барысында қатысушылар қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш-обелискке гүл шоқтарын қойып, олардың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев қаза болған әріптестерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
- Осы сәтті пайдалана отырып, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз олардың ерлігін әрдайым құрметтеп, жарқын есімдерін жадымызда сақтаймыз. Полиция қызметі – жоғары жауапкершілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Бүгінде ішкі істер органдарының қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы заң мен тәртіпті сақтау жолында аянбай еңбек етуде, – деді Қайыркен Әлиев.
Кездесу соңында полиция департаментінің бастығы ішкі істер органдарының ардагерлері мен қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ олардың ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және батырлардың есімін ұлықтауға қосқан үлесіне алғыс білдірді.

Тағылымды кездесу қызметтік борышына соңына дейін адал болған жандарға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Бұл олардың ерлігі мен есімдері халық жадында мәңгі сақталатынын тағы бір мәрте айқындады.
