Ақтөбеде жол полициясының ардагері жас қызметкерлерге ақыл-кеңес айтты
Ширек ғасыр жол полициясында қызмет еткен ардагер жас полицейге қажетті жеті қасиет туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарының ардагері Төлеу Нұрбай Ақтөбе өңірінде 25 жыл бойы жол полициясы саласында қызмет еткен. Қарабұтақ, Қарғалы аудандарында, Ақтөбе қаласында жол полициясы инспекторы болып, ширек ғасырдан астам уақыт қауіпсіздікті қадағалаған. Бүгінде Төлеу Нұрбай – мол тәжірибесі мен білімін жас мамандармен бөлісіп жүрген тәжірибелі тәлімгер, ІІМ-нің құрметті ардагері, Ақтөбе облысының жол полициясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Тәлімгер бүгінде жолда қызмет ететін әрбір полицейді ең алдымен ар-намыс, өжеттілік пен жауаптылық қасиеттер алға жетелейтінін жиі айтып, тағылымдық көмегін аямайды. Тіпті, олармен бірге патрульге шығып, кәсіби тәжірибесімен таңдандырған кездері де аз емес. Жол полициясында қызмет етіп жүріп, алғашқы марапатын да қарулы қылмыскерлермен алысып жүріп алғаны ардагердің әлі күнге дейін есінде.
– 90-жылдары Қарабұтақ ауданында қызметтік міндеттерімді атқарып жүрген кезімде милицияға әйел адамнан көмек сұраған қоңырау түсті. Ол кезде жалындаған жас кезім, бірден жетіп бардым. Барғанда бұрын сотталған, сол кездегі қылмыс әлемінің беделділері болып есептелетін 4 жігіттің тұрғанын көрдім. Олар балағаттап, қолындағы арматурамен мені ұра бастады. Мен де алыса кеттім. Кем дегенде 40 минуттай алысып, ақырында милицияны шақырған әйелге жіп әкелдіріп, жаңағы жігіттердің қолын байладым, – дейді тәлімгер.
Осы өжеттілігі үшін жас маман алғашқы марапаты – қаржылай сыйақыға да ие болған. Полиция қызметкері үшін қырағылылық және сезгіштік қасиеттердің аса маңыздылығына ол өзінің ширек ғасырлық қызметтік ғұмырында сан рет көз жеткізіп, әккі қылмыскерлердің қолына кісен салынуына негіз болған.
– Іздестіру туралы әрбір бағдарды мұқият зерделеу, жәбірленушілер көрсеткен қылмыскердің сипаттамаларын есте сақтау – оларды көрген жерде жазбай тануға себеп болады. Бір көрген адамыңды ұмытпау, тіпті бірнеше жыл өткеннен кейін де жазбай тану, күдікті әрбір қимылды сезу – патрульдік полиция қызметкерлерінің бойынан табылатын қасиеттер. Бірде Қарғалы ауданының Бадамша ауылында жұмыс жасап жүрген кезімде, кезекшілік уақытында 3-4 ауыл тұрғыны сөмкелерінің ұрланғаны туралы арызданды. Сол күні жәбірленушілердің арыздарында сипаттаған ер азаматқа ұқсайтын адамды көшеде байқап, ол қанша жалтарғанымен, оны бөліміне әкелдім. Сол ер азаматты арызданушылар да танып, қылмыскер де өз кінәсін мойындаған болатын, – дейді ардагер.
Бүгінде ІІО ардагері Төлеу Әкентайұлы полицей жастарға ақыл-кеңесін берумен қатар, балалары мен 6 немересінің тәлім-тәрбиесімен айналысады. «Әке көрген – оқ жонар» дегендей, полиция ардагерінің ұлы – Мадияр Әкентай бүгінде Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етеді. Асқар таудай әке тағылымы оның күнделікті құлағына құйып отыратын ақыл-кеңесі, халықтың ұлы болу, қарапайым, әрі адал болу туралы тағылымдары Мадиярдың жұмыста да, өмірде де әрдайым дұрыс шешім қабылдауына негіз болған.
«Полицейдің бойында кәсіби қасиеттерден басқа, міндетті түрде қарапайымдылық пен адамгершілік қасиеттер болу керек. Полиция қызметкері ешқашан тәкаппар немесе жалқау болмауы керек. Үнемі сергек жүру үшін – жақсы көңіл-күйде болу, спортпен айналысу аса маңызды» деп есептейтін Төлеу Әкентайұлы полиция ардагерлері мен қызметкерлері арасында спорттық-сауықтыру жұмыстарын өткізуге, қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларының өмірінде туындайтын әлеуметтік проблемаларды шешуге белсенді қатысып, оларға материалдық, моральдық қолдау көрсетумен де айналысады.