Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада ІІО ардагелері полицейлермен бірге қызметке кірісті

Ақмола облысының ІІО ардагерлері полицейлермен бірге қызметке кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы полиция департаментінің тәлімгерлер кеңесі өңірлерде белсенді жұмыс бастады. Биыл ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен полиция департаментінде тәлімгерлік институты жанданды. Ішкі істер органдарының ардагерлері құқық қорғау жүйесінде көптеген жылдар бойы қызмет еткен және аға буынның үздік дәстүрлерін сақтаған полиция қызметкерлерімен бір қатарға тұрды.

Департамент құрылғаннан бастап қызмет еткен ардагер тәжірибелі детективтер, учаскелік тергеушілер қайтадан тәлімгер ретінде жұмысқа кірісті. Бұл жұмыстың жергілікті жерлерде қалай жүргізіліп жатқанын тексеру үшін арнайы делегация облыс аудандарына барды. Тәлімгерлер кеңесінің құрамында жедел және тергеу қызметтерінде бай тәжірибесі бар ардагерлер Дәуітбек Нұрғалиев, Жанқараш Шабданов және Амангелді Нұржанов бар.

Олар ең әуелі тәлімгерлік институты белсенді жұмыс істеп,  нәтиже көрсетіп жүрген Атбасар ауданына  барды. Полицияның аға және қазіргі ұрпақтарының өзара іс-қимылының жарқын мысалдарының бірі ретінде Атбасар қаласы аумағының 1/3 бөлігіне қызмет көрсететін №1 учаскелік пунктін айтуға болады.

Атбасар қаласында тұратын 12 500-ден астам халық үш учаскелік инспектордың бақылауы мен қамқорлығында. Ал полицейлерге отставкадағы полиция майоры – тәлімгер Владимир Гребенюков күнделікті міндеттерін орындауға көмектеседі.

Кеңес беру көмегінен басқа, мұндағы ІІО ардагерлері тәжірибеде де белсенді жұмыс істейді. Олар учаскелік полиция қызметкерлерімен бірге есеп беретін азаматтарға барады, профилактикалық әңгімелер өткізеді.

– 90-жылдары учаскелік пункттің орналасқан жері үшін қолайлы ғимарат іздедім.  Полиция есебінде тұрған жергілікті тұрғындармен жұмыс істедім. 30 жылдан астам уақыттан бері  қызметімді ерікті көмекші және тәлімгер ретінде жалғастырып келемін. Мұнда қазір менің шәкіртім Илья Можаев та қызмет етеді, – дейді Владимир Гребенюков.

Ардагер бір кездері өзі тәлімгерлік жасаған жас полицейлер туралы мақтанышпен айтады. Ішкі істер органдарында жұмыс істегеніне үш айдан аспайтын жас полицейлерге тәлімгер ретінде  ІІО ардагерлерінен бөлек бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан аға әріптестері де бекітіледі.

Белгілі бір кезеңде тәлімгер қызметкерді міндеттерін орындауға дайындап қана қоймай, оның қызметке әзір екендігін түсінуі керек. Бұл жұмыс жоспарларын жасаудан бастап түпкілікті нәтижеге дейін барлық дерлік ынтымақтастықты қамтиды.

Тәлімгерлік институтын қорытындылау үшін Атбасарда полицейлер “Үздік тәлімгер” байқауын өткізді. Оған “тәлімгер – жас қызметкер” құрамында үш команда қатысты. Бейне визиткалар мен кішігірім баяндамалардың көмегімен тәлімгерлер жаңадан келгендерге жұмыс туралы айтты. Ал арнайы комиссия үздіктерді анықтады.

Айта кету керек, мұндай конкурстар ведомствоның барлық 20 аумақтық бөлімшелерінде өтеді. Жеңімпаздар өз өңірінің, содан кейін облыстық және республикалық кезеңдерде департаменттің атынан қатысады. Департаменттің тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полицей Дәуітбек Нұрғалиевтің айтуынша, ақмолалық полиция ардагерлері ведомство басшысының алға қойған жоғары міндеттерін орындауға дайын. Бұл үшін барлық қажетті материалдық ресурстар бар. Ең бастысы – ақсақалдардың өз кәсібіне пайдалы болуға деген ұмтылысы және жас мамандардың баға жетпес тәжірибе алуға дайындығы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру