Ақтөбелік еріктілер марапатталды
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің ғимаратында 20-дан астам ақтөбелік еріктілер азаматтық белсенділік танытып, төтенше жағдай кезінде ішкі істер органдарына көмек көрсеткені үшін марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтық белсенділігі, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының жұмысына көмек көрсеткені үшін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың алғыс хатымен төрт ақтөбелік ерікті марапатталса, 19-ы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің
басшысы Атығай Арыстановтың алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты түрде ішкі істер министрінің бұйрығын оқып, алғыс хаттарды ПД басшысы Атығай Арыстанов табыс етті.
«Биыл Президент Жарлығымен еріктілер жылы болып жарияланды. Олардың арқасында біздің елімізде көп жұмыстар атқарылып келеді. Сіз бүгінгі күнге дейін көмекке мұқтаж адамдарға, азаматтарға қол ұшын созасыз. Соған сізге және сіздің ата-аналарыңызға шын жүректен алғыс білдіремін. Қиын уақытта ел үшін атқарған игі істеріңіз үшін ризамын. Сіз төтенше жағдай кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де көмек көрсететініңізді білемін, біздің қызметкерлерімізбен бірге сіз із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуге атсалысып, шын мәнінде біздің еліміздің патриоты екендігіңізді дәлелдедіңіз. Сіздерге жақсылық, қуаныш тілеймін және игі істеріңіз сіздерге еселеп қайтсын «, – деді Ақтөбе облысының ПД басшысы Атығай Арыстанов.
Сенім артқаны үшін «Зеленло-поиск» тобының еріктісі Екатерина Голотина алғысын білдіріп, Ақтөбе облысы ПД басшысының алғыс хатымен марапатталды.
«Сіздің сеніміңіз үшін рахмет. Біз әрдайым іздеу және ТЖ кезінде қолдауға тырысамыз. Біз ынтымақтастыққа өте қуаныштымыз, әрдайым байланыста болған балаларға рахмет», – деді ол.